«Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы»ММ ШЖҚ «Көпсалалы облыстық балаларауруханасы» МКК
0
Балалар арасындағы маусымдық аурулар

Балалар арасындағы маусымдық аурулар

 

 

Қоңыр күзде маусымдық ауру белең алады. Иммунитеттің әлсіреуі адамзат атаулыны түрлі індетке шалдығуға әкеп соғады. Әсіресе, балалар арасында ауру тез таралады. Маусымдық аурулар қатарына жататын ЖРВИ және тұмау, пневмания, бронхит пен ларингит «батпандап керіп, мысқылдап» шығатын дерт екені айтпаса да белгілі. Медициналық тілде –жедел респираторлық вирустық инфекциялар деп аталатын аурудан айығу көп уақытты талап етеді. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Талдықорған қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Арайлым Смағұлова айтып берді.

 

Иммундық жүйенің бұзылуы, дұрыс тамақтанбау мен күтімнің болмауы, баланы балабақшаға ерте беру, нашар экологиялық жағдай бөбектердегі мұрындағы шырышты қабықтың қабыну процесіне әкелетін жоғарғы тыныс жолдарының ауруларын жұқтыруының басты себебі болып табылады.

 

Әдетте, вирус балаға 2-3 күнде тез арада жұғады. Ал суық тию белгілері инфекциядан 1-2 күн өткен соң дами бастайды. Осы кезде сәбиде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, буындардағы ауырсыну, мұрыннан су ағу мен жөтел пайда болады. Мамандар, тұмаудан кейінгі асқынулар бала үшін аса қауіпті деп дабыл қағуда.

 

«Басында салқын тигізіп алдық деп ата-аналар аса алаңдамайды. Өз беттерінше ем-дом жасауға кіріседі. Тұмау асқынып, пневмония немесе жедел бронхитке айналуы мүмкін. Сондықтан да, ата-аналарға үй жағыдайында баланы емдеу дұрыс емес деп ескерткім келеді. Дене температурасының көтерілуі, бас ауруы сияқты симптомдар менингит ауруының алғашқы белгілері болып саналады. Сондықтан суықтың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігермен кеңесу керек. Емдеу кезінде вирусқа қарсы және микробқа қарсы препараттар, антибиотиктер мен басқа препараттар қолданылады»,- деді спикер өз сөзінде.

 

Арайлым Бауыржанқызының айтуынша, бөлмедегі ауаны желдету инфекция қаупін азайтады. Сонымен қатар белсенді өмір салтын ұстанған абзал. Дұрыс тамақтанудың да ауруды жеңуге септігі мол. Жеке бас гигиенасын сақтау мен дәрумендер қабылдап, сұйықтықты көп мөлшерде қабылдау маусымдық ауруларды еңсеруге ыпал етеді.