Көптен күткен суға түсу маусымы келді. Өзен-көл, су қоймаларының жағалаулары демалушыларға толып, жағажайларда демала бастайды.
«Басты байлық- денсаулық» дегендей, өзімізге арнайы уақыт тауып, әркім өз қалауымен демала бастаймыз. Әрине, демалысымыздың көбін ауа-райы қолайлы болғандықтан су жағалауында, арнайы шипажайда өткіземіз. Таза ауа, күннің көзі, суға түсу, ағзаны шынықтырудың жақсы құралы. Бірақ қашанда баратын жеріміздің қауіпсіз және су құрамы сапалы болуын біле жүргеніміз абзал.
Алайда, шешілмей келетін мәселенің бірі, ол демалыс аймақтарында қоқыс жинайтын жәшік орнатылса да көптеген демалушылар тазалық сақтамайды, қарапайым гигиеналық және жеке бастың тазалықтарына мән бермейді. Мысалы, пайдаланылған ыдыстарды, қолданылған бұйымдарды арнайы қоқыс жинау жәшіктеріне тастамайды. Осының салдарынан өзендердің жағалауы қоқысқа толып, ауасы ластанып, соның кесірінен адам су арқылы таралатын инфекциялық және паразитарлық ауруларға шалдығу қауіпі өседі.
Алматы облысында демалыс аймақтары Алакөл, Сарқан ауданындағы Алакөл, Балқаш өзендері және Қапшағай су қоймасында орналасқан. Одан басқа елді мекендердегі үлкенді – кішілі 56 су айдындарының жағалауларында халық көп шоғырланып демалуды ұнатады. Аумақтық басқармалардың бақылауында халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы рұқсат құжаттарын алған Алакөл көлінің бойындағы – 62, Балқаш көлінің бойындағы – 10, Қапшағай су қоймасының бойында – 48, Еңбекшіқазақ ауданында – 5, Талдықорған қаласында және Балқаш ауданында 1 демалыс орындары бар. Ал басқа демалыс орындарының жеке кәсіпкерлері халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы рұқсат құжатты алу қажеттігін ескертеміз. Әйтпесе, рұқсат құжатысыз кәсіпкерлік қызметті жүргізу әкімшілік жазаға әкеледі.
Жылда шомылу маусымы басталар алдында су айдындарындағы судың, жағалау топырағының қауіпсіздігіне және сапасына зертханалық бақылау жүргізіледі. Ағымды жылы химиялық, микробиологиялық және паразитарлық көрсеткіштерге барлығы 54 су және 10 топырақ сынамалары алынды. Зертханалық зерттеу қорытындысы бойынша зерттелген су және топырақ үлгілері санитариялық қағидалардың талаптарына сай келді.
Шомылу маусымы аяқталғанша демалыс аймағындағы су көздері санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық мамандарының бақылауында болады.
«Тіршілік нәрі-су» осы бір қарапайым қағиданы есте ұстап, әр демалушы тазалық сақтағаны және өз жеке басын қоғамдық орындарда қатаң бақылағаны жөн. Кішкентай балаларға да осы қағиданы ата – аналары үйреткені дұрыс болар еді.
Демалушыларға сәтті демалыс тілей отырып, әр адам тазалықты және тәртіпті сақтаса екен дейміз!
Коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімі - Бөлім басшысы Т. Т. Кожебаева