Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Жаз айлары- мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сонымен қатар, жазғы демалыс – балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады.
Қазіргі таңда денсаулық тек қана адамның бойында ешбір сырқаттардың жоқтығы ретінде емес, ол – адамның толық физикалық, рухани, әлеуметтік жағдайы ретінде қарастырылады. Сол себепті жазғы демалыс бала үшін денсаулығын нығайтуға қолайлы кез ретінде қарастырылып, оның дара тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасайды. Жазғы мектеп лагері – баланың тәжірибесін кеңейтетін, жаңа ақпаратты шығармашылыққа айналдыратын, жаңа білім, білік, дағдыны қалыптастыратын, жаңа адамдармен тез тіл табыстыратын, өзінің қызығушылықтарын қанағаттандыратын орын. Жоғарыда аталған барлық шараларды іске асыру – кез келген білім ұйымдарында қызмет атқаратын педагогикалық ұжымның басты міндеті.
Бала уақытының көп бөлігін теледидар мен компьютердің алдында өткізбеу үшін ата-аналарға балаларын жазғы сауықтыру мекемелеріне жіберуге кеңес береміз.
Құрметті ата-аналар, жазғы сауықтыру ұйымдарының басшылары санитариялық ережелер талаптарының сақталуын қамтамасыз ететініне қарамастан, сіз балалардың денсаулығы үшін негізгі жауапкершілік өзіңіздің мойныңызда екенін ұмытпауыңыз керек. Сондықтан, тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында балаларды жазғы сауықтыру лагеріне жіберген кезде сіз баламен жеке гигиенаны сақтаудың қарапайым ережелері туралы профилактикалық әңгіме жүргізуіңіз керек, атап айтқанда: тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды жуу, көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында ағынды сумен жақсылап шаю, сауықтыру лагерьлерінің аумағында өсетін жемістерді пайдалануға тыйым салу. Бассейнде шомылғаннан кейін сабынмен себезгі ванналарын міндетті түрде қабылдау, басқа адамдардың жеке гигиена заттарын (тарақтар, тіс щеткалары және т.б.) және киімдерін пайдаланбау, туристік жорыққа шыққан кезде дененің барлық ашық бөліктерін жабу (бридждерді шұлыққа салу, ұзын және түймеленетін блузкалар кию). Ішек инфекциясының белгілері пайда болған кезде (әлсіздік, жүрек айну, құсу), дене температурасының жоғарылауы және т.б. балаларды дереу медициналық көмекке жүгінуге үйретіңіз.
Жазғы сауықтыру мекемесіне баратын балаға денсаулық жағдайы туралы құжаттар (086/у нысаны), инфекциялық аурулармен, оның ішінде COVID-19 бойынша байланыстың болмауы туралы анықтамалар, келуден кемінде 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19-ға зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі бар құжат болуын қамтамасыз ету қажет. Егер COVID-19 инфекциясымен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болған жағдайда оқушы карантин мерзімі аяқталғанға дейін жазғы сауықтыру мекемесіне жіберілмеу қажет.
Жазғы сауықтыру мекемелері әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу өлшемшарттары бойынша қызыл аймақта орналасқан балаларды сауықтыру ұйымы толтырылуы 30%-дан артық емес, сары аймақта орналасқан ұйымның толтырылуы 50%-дан артық емес толымдылықпен және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жұмыс жасау қажет.
Тағы бір маңызды мәселелердің бірі ол тамақтану жағдайларына қойылатын талаптар. Тамақтану толыққанды, сапалы, бала ағзасына арналған болуы керек. Балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыру олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен сабақ үлгеру қабілетін арттырады. Егер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, тиімсіз яғни, жеткіліксіз болса, зат алмасу бұзылып, оның айналадағы ортаның зиянды әсеріне және әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейді.
Тамақтану арасындағы интервал 3,5-4 сағаттан асырмай, қосымша екінші таңғы ас немесе кешкі ас бар кемінде бес реттік тамақтандыру жүргізілу қажет. Тамақ арасындағы аралықта ас мәзіріне қымызды немесе қышқыл сүт өнімін енгізу ұсынылады. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант қосу. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құстың еті екі- жеті күнде бір рет қосылу қажет. Гиповитаминоздың алдын алу және балаларды тиімді сауықтыру мақсатында салқындатылған сусындарды (компот, кисель) "С" витаминімен жасанды витаминдеу жүргізілу қажет.
Біз балаларымызды қарапайым өмірлік дағдыларды, соның ішінде жеке гигиена туралы біліммен қаруландырып, балаларымызға қауіпсіз және пайдалы демалысты қамтамасыз етуіміз қажет!
Коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімі - Бөлім басшысы Т. Т. Кожебаева